Денсаулық

Ұлытауда тұмауға қарсы 34 мың доза вакцина сатып алынды

Ұлытау облысында 2026–2027 жылдардағы тұмау маусымына дайындық аясында халықты вакцинациялау жұмыстары басталады. Биыл облыс бойынша тұмауға қарсы 34 мың доза вакцина сатып алынды. Вакцина жергілікті бюджет қаражаты есебінен алынған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, вакцинация эпидемияға дейінгі кезеңде жүргізіледі. Биыл облыс халқының 16,9 пайызын тұмауға қарсы вакцинамен қамту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш халық арасында иммундық қабат қалыптастыруға бағытталған.

Өңірге жеткізілетін «Гриппол® плюс» вакцинасы 0,5 миллилитрлік бір дозадан тұратын шприц түрінде шығарылады. Препарат 6 айдан бастап балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге тұмаудың алдын алу үшін қолданылады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация белгілі бір санаттағы азаматтарға тегін жүргізіледі. Олардың қатарында медициналық ұйымда динамикалық бақылауда тұрған балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мектеп-интернаттарда білім алатын балалар, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, созылмалы аурулары бар ересектер, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындары, медицина қызметкерлері және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.

Сонымен қатар кәсіпорындар мен мекемелерге өз қызметкерлеріне тұмауға қарсы вакцина сатып алу ұсынылды. Мәселен, өткен жылы Жәйрем ЖГОК 450 доза вакцина сатып алып, қызметкерлеріне екпе жүргізген. Мамандар тұмаудан қорғанудың негізгі шараларының бірі вакцинация екенін еске салады. Әсіресе балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар азаматтар инфекцияның асқыну қаупіне байланысты ерекше назарда болады.

Back to top button