Білім

Сәтпаев қаласының педагогі Bilim Group ұсынған Mugalim деректі фильмінің кейіпкері атанды

Mugalim деректі жобасы аясында отандық EdTech экожүйесі Bilim Group Сәтбаев қаласындағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Дана Абельдинованың тың тәжірибесін көпшілікке таныстырды. Педагог пікірсайыс арқылы оқушылардың сыни ойлауын, тілдік машығын және өзіне деген сенімін дамытуға көңіл бөледі. Дана Абельдинова мектепте 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол оқушыларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пікірсайысқа дайындайтын «Көзқарас» дебат клубын құрып, дамытып келеді. Ұстаз үшін дебат қарапайым сайыс емес. Оның айтуынша, пікірсайыс оқушыны өз бетінше ойлануға, өз ұстанымын нақты жеткізуге және оны дәлелдей білуге, көпшілік алдында сөйлеуге, сондай-ақ күрделі жағдайлардан жол табуға үйретеді. «Көкжиегі кең, ойлау қабілеті жоғары, тығырықтан жол таба білетін, өз ойын дәлелдей алатын балалар — ертең елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар», — дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дана Абельдинова.

Педагог дебат клубының тарихы қалалық жарыстан басталғанын айтады. Алғашқы турнирден-ақ жақсы нәтиже көрсеткен балалардың пікірсайысқа қызығушылығы артқан. Бүгінде клубқа 50-ге жуық оқушы қатысып, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Дана жұмысының нәтижесін жүлдемен және жеңіспен өлшемейді. Ол оқушылардың бойындағы жақсы өзгерісті, тұлғалық дамуын әлдеқайда маңызды деп санайды.

«Мұғалімдіктің маған ең ұнайтын тұсы — нәтиже көре алу мүмкіндігі. Әр баланың нәтижесі әртүрлі уақытта көрінеді. Бір баланың нәтижесін тез байқаймыз, ал екіншісінің нәтижесін бірнеше жылдан кейін көруіміз мүмкін. Сол баланың дамуын бақылау, зерттеу, «неліктен бұлай болды?», «одан қандай нәтиже шығуы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап іздеу — мен үшін өте қызық. Мысалы алдыңда отырған оқушы ертең белгілі бір мамандық иесі болады. Сол баланың үздік маман болуына да, өз ісін нашар атқаруына да титтей болса да ықпалың тиюі мүмкін. Сондықтан мұғалім ретінде баланың дұрыс тұлға болып қалыптасуына барынша үлес қосқымыз келеді», — дейді Дана.

Педагогтің оқушылары дебат клубы аясында подкаст түсіріп, шетелден келген қонақтарды шақырып, олармен ағылшын тілінде сұхбат жүргізеді. Бұл ретте Дана үздіксіз даму оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де маңызды деп санайды. Сондықтан ол Сәтбаев қаласының мұғалімдеріне арналған Speaking Club ашуға кіріскен. Мұнда педагогтер ағылшын тілін жетілдіріп, пікірсайыс өткізіп, кітап талқылап, өзара тәжірибе алмаса алады. Дана үшін мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейді. Ең маңыздысы — баланың бойындағы қабілетті байқап, оның өз күшіне сенуіне көмектесу.

«15 жыл бойы біз жайлы көбіне сандар сөйлеп келді: ондаған мың цифрлық сабақ, миллиондаған қолданушы мен миллиардтаған баға. Бірақ осы сандардың артында әрдайым қарапайым адамдар, ал ең бастысы мұғалімдер тұр. Еліміз олардың бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim деректі сериясы пайда болды. Жұмыс барысында мені ең таңғалдырғаны — педагогтер қиындықтарын сирек сөз етіп, өз оқушылары мен оларға арналған мүмкіндіктер туралы көп айтқаны болды. Бұл бізді білім саласы үшін көбірек еңбек етуге итермелеп қана қоймай, мұғалімнің рөліне жаңаша қарауға мүмкіндік береді», — дейді Bilim Group бас директоры Александр Савченко.

Дана Абельдинованың педагогикалық жолы туралы баяндайтын қысқаметражды деректі фильм Mugalim деректі сериясы аясында ұсынылған үш туындының бірі. Деректі фильмдер Bilim Group EdTech экожүйесінің бастамасымен компанияның 15 жылдық мерейтойына және Ұстаздар күніне орай түсірілген. Bilim Group — 15 жылдан астам уақыт бойы балабақшадан бастап кәсіби дамуға дейінгі барлық оқу жолын қамтитын кешенді шешімдерді дамытып келе жатқан ұлттық цифрлық экожүйесі. Bilim Group мемлекет пен мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты оқытуды қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінгі таңда экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.

Back to top button