Денсаулық

Қазақстанда дәрі бағасы арзандады

Қазақстанда дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастырудың жаңа тәсілдері енгізіліп, нәтижесінде препараттардың едәуір бөлігінің бағасы төмендеді. 2025 жылғы шекті бағаларды 2024 жылдың соңында бекітілген бағалармен салыстыру нәтижесінде 3 801 сауда атауы бойынша баға төмендеген. Бұл мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілердің жалпы санының 76%-ын құрайды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аталған препараттардың бағасы орта есеппен 26,5%-ға арзандаған. Ал 947 позиция бойынша баға өзгеріссіз қалса, дәрілік заттар тізбесі 246 жаңа позициямен толықтырылған.

2026 жылы дәрілерді көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2 055 препарат бойынша жаңа шекті бағалар бекітілді. Оның ішінде бағалар орта есеппен 16%-ға төмендеді. Бекітілген бағалардың жартысында өзгеріс болмаған, ал 169 препарат тізімге алғаш рет енгізілген.

Бағаның өзгеруі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында берілетін дәрілерге де қатысты. Жаңа шекті бағалар бойынша 1 397 сауда атауының, яғни 47,8%-ының құны орта есеппен 22,45%-ға төмендеді.

Сонымен қатар ТМККК және МӘМС шеңберінде қолданылатын дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша да шекті бағалар қайта қаралды. 453 позицияда немесе олардың 40,5%-ында бағаның төмендегені тіркелді. Бұл препараттар бойынша орташа төмендеу 25,3%-ды құрады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, мұндай өзгерістер дәрілердің шекті бағасын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауға байланысты.

Жаңа әдістемеге сәйкес, өндіруші мәлімдеген дәрінің құны құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні ескеріледі. Деректер халықаралық ақпарат көздерінен алынған мәліметтермен де қосымша тексеріледі.

Қазіргі таңда Қазақстанның референттік елдер тізіміне Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан кіретін 10 мемлекет енгізілген.

Министрлік мәліметінше, дәрі бағасын тіркеу кезінде өндіруші немесе оның өкілі мемлекеттік сараптама ұйымына өтінішпен бірге зауыт бағасын растайтын құжаттарды, оның ішінде шарт, инвойс, кедендік декларация және референттік елдердегі бағалар туралы мәліметтерді ұсынады.

Back to top button