Ұлытаулық боксшылардың қоржыны жүлдеге толды

Түркістан қаласында қазақ боксының көрнекті өкілі, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті.
25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өткен ХХІ халықаралық бокс додасына 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Жарыс барысында жас былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда өзара мықтыны анықтап, шеберлігі мен спорттық дайындығын көрсетті.
Турнирде Ұлытау облысының намысын қорғаған жас спортшылар да жүлдеден көрінді. 52 келі салмақта Сулейманов Самир қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанды. Ал 43 келіде сынға түскен Үсіп Нұрсұлтан ІІІ орынға ие болды.
Осылайша, жас боксшылардың қоржыны бір алтын және бір қола медальмен толықты.
Жас спортшылардың бұл нәтижесі — жүйелі дайындық пен табанды еңбектің жемісі. Алдағы жарыстарда да Ұлытау облысының көк туын биікте желбіретіп, жаңа жеңістерге жетуіне тілектеспіз.