Ұлытау облысында тұмауға қарсы 34 мың доза вакцина дайын

Ұлытау облысында 2026–2027 жылдардағы тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялар маусымы басталды. Эпидемиялық кезең 1 қазаннан басталып, келер жылдың 1 мамырына дейін жалғасады. Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Елена Ткаченконың айтуынша, биыл өңірде тұмаудың A(H1N1), A(H3N2) және B(Victoria) вирустарының қатар айналымда болуы болжанып отыр. Олардың ішінде A(H3N2) вирусы «гонконг тұмауы» деген атаумен де белгілі. Мамандар бұл вирустардың жұқпалылығы жоғары екенін және кей жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан аурудың алдын алуға ерекше мән беріліп отыр.
Ұлытау облысында тұмауға қарсы 34 мың доза вакцина сатып алынған. Вакцинацияға арналған «Гриппол® плюс» препараты 6 айдан бастап балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге қолдануға арналған. Алғашқы партиямен өңірге 9 мың доза жеткізілді. Қазіргі таңда 129 адам екпе алған. Тұмауға қарсы вакцина кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында белгілі бір санаттағы азаматтарға салынады. Олардың қатарында диспансерлік бақылаудағы балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, интернат ұйымдарында білім алушылар, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, созылмалы аурулары бар ересектер, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме қызмет алушылары, медицина қызметкерлері және инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар. Бұл санатқа кірмейтін тұрғындар вакцинаны ақылы негізде немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен ала алады.
Эпидемиялық маусымға байланысты медициналық ұйымдарда да алдын алу шаралары күшейтілді. 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері үшін маска тағу режимі енгізіліп, ұйымдардың кіреберістерінде сүзгі ұйымдастырылып, антисептиктер қойылды. Үйге дәрігер шақырған кезде жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға басымдық беріледі. Білім беру ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті қатысуы бақылауға алынып, сабаққа келмеу себептері анықталады. Мектептер мен балабақшаларда ОРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар адамдарды анықтау үшін таңертеңгілік сүзгі жүргізіледі. Сонымен қатар оқу орындарында қолды өңдеуге арналған антисептиктер орналастырылады.
Санитариялық қызмет тұрғындарға да сақтық шараларын естен шығармауға кеңес береді. Қолды сабынмен жиі жуу, антисептик қолдану, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу және қоғамдық көлікте медициналық маска тағу инфекция жұқтыру қаупін азайтады. Ауру белгілері бар адаммен байланыста болған кезде де маска қолданған жөн. Бір реттік масканы әр 2–3 сағат сайын ауыстыру қажет. Үй-жайды жиі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу, ауа ылғалдылығын қалыпты деңгейде ұстау, ауа райына сай киіну, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау да маңызды. Мамандар эпидемиялық маусым бойы тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұмау мен ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырады.