Аралдың суы көбейіп, Каспийді сақтау жұмысы күшейді

Аралдың суы қайта көбейіп келеді. Солтүстік Аралдағы су көлемі қазір 23,4 млрд текше метрге жетті. Бұл – соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Енді Қазақстан Аралды қалпына келтірумен қатар, Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған ауқымды шараларды күшейтпек.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет Солтүстік Аралды қалпына келтірудің келесі кезеңін әзірледі. Жоспар бойынша Көкарал бөгетін реконструкциялап, теңіздегі су деңгейін 44 метрге дейін көтеру көзделген. Алдағы 5–6 жылда Солтүстік Аралдың аумағын 3,9 мың шаршы шақырымға, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдардағы көрсеткіш те оң өзгерісті аңғартады. 2022 жылы Солтүстік Аралдағы су көлемі 19 млрд текше метр болса, 2023 жылы 21 млрд, 2024 жылы 22 млрд, өткен жылы 23 млрд текше метрге жеткен. Биыл жыл басынан бері теңізге шамамен 1,5 млрд текше метр су жіберілген. Жалпы, 20 жылдан астам уақыт ішінде Солтүстік Аралдың аумағы 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есеге жуық артқан. Ал судың минералдану деңгейі екі есе төмендеген. Бұл теңіз экожүйесінің қайта жандануына мүмкіндік беріп отыр.
Аралды сақтаудың тағы бір маңызды бағыты – құрғаған теңіз табанын көгалдандыру. Бүгінде мұнда 56,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылып, 3,4 мың тонна сексеуіл тұқымы мен галофитті өсімдіктер егілген. Орман мелиорациясының жалпы аумағы 1,1 млн гектарға жетті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта 1–1,5 млн гектарға дейін кеңейтілуі тиіс. Сонымен қатар суармалы егіншілікте суды үнемдеуге басымдық берілмек. Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал–Сырдария бассейнінде ирригациялық жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобаны іске асыру жоспарланған. Үнемделген су көлемі Солтүстік Аралға бағытталмақ.
Ендігі маңызды мәселе – Каспий теңізін сақтау. Қазақстан бұл бағытта жағалаудағы мемлекеттермен мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтіп, арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісті. Каспийдің су ресурстарын сақтау, теңіз деңгейінің төмендеуін бақылау, биоалуантүрлілікті қорғау, ластанудың алдын алу және ғылыми зерттеулер жүргізу – алдағы жұмыстың негізгі бағыттары. Бұл ретте Каспий итбалығы сияқты сирек кездесетін жануарлардың мекен ету ортасын сақтау да назарда.
Ақтауда өткен Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогта теңіз деңгейінің төмендеуі, мониторинг жүйесін жетілдіру, теңіз қоқысы мен пластик қалдықтарын азайту және халықаралық қаржыландыру мәселелері талқыланды. Жапония Үкіметінің қолдауымен Каспийдің тайыздану салдарын бағалауға және азайтуға бағытталған арнайы жоба да іске қосылды. Қазақстан үшін Арал мен Каспийдің тағдыры – тек экологиялық мәселе емес. Бұл су қауіпсіздігіне, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және тұтас өңірдің болашағына тікелей қатысты. Сондықтан Үкімет су дипломатиясын, ғылыми зерттеулерді және нақты инфрақұрылымдық жобаларды қатар жүргізіп отыр.
Су көлемін сақтау, экожүйені қалпына келтіру және трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бойынша көршілес мемлекеттермен де келіссөздер жалғасуда. Соның нәтижесінде соңғы жылдары суы аз кезеңдердің өзінде Сырдария арқылы Солтүстік Аралға судың тұрақты келуі қамтамасыз етілген.