Қоғам

Жезқазғанның жасыл тынысы кеңеймек

Жезқазғанның шеткі аумақтары біртіндеп жасыл желекке айналмақ. Қалада жасыл белдеуді кеңейту жұмыстары басталып, оған жалпы 21 гектар жер бөлініп жатыр. Оның 15 гектары Жезқазған–Сәтбаев тасжолының бойында, 6 гектары «Батыс» тұрғын ауданында орналасқан. Биыл осы аумақтарға 8 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған.

Қазір жерді көгалдандыруға дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ал көшет отырғызу алдында топырақтың құрамы арнайы зерттеледі. Мамандар агрохимиялық талдау жүргізіп, жердің өсімдік егуге жарамдылығын анықтайды. Жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, мұндағы мақсат – бір реттік көгалдандыру жұмыстарын жүргізу емес, Жезқазғанның тұрақты жасыл белдеуін қалыптастыру. Отырғызылған көшеттердің кейінгі күтімі де арнайы бақылауда болады.

Жобаға «Қазақмыс Смэлтинг», «Қазақмыс Энерджи», Тау-кен өндірісі және «ҚазТрансОйл» мекемелері қолдау көрсетіп отыр. Осылайша, қала маңындағы бүгінгі бос жатқан аумақтар алдағы жылдары Жезқазғанның жасыл тынысына айналуы мүмкін.

Back to top button