Қоғам

Жәйремде 600-ден астам үйге газ тартылады

Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінде тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары мәреге жақындады. Ұзындығы 55,4 шақырым болатын газ құбырын тарту жобасы 95 пайызға орындалған. Жоба толық аяқталған соң кенттегі 600-ден астам тұрғын үйге табиғи газ жеткізу жоспарланып отыр.

Қазір құрылыс алаңында 30-ға жуық жұмысшы мен 6 ірі техника жұмылдырылған. Мамандар газ құбырының қауіпсіздігін тексеріп, жоғары, орта және төмен қысымдағы герметикалығын сынақтан өткізуде. Мердігер компания өкілінің айтуынша, Жәйремнің ескі бөлігі, «Дача» шағынауданы және кент ішіндегі газ тарту жұмыстары толық аяқталған.

Жобаның жүзеге асуы жергілікті тұрғындар үшін маңызды. Көгілдір отынның келуі үйлерді жылытуға қолайлы жағдай жасап, қатты отынға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жалғасса, газдандыру жобасын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Осылайша, Жәйрем тұрғындарының көгілдір отын игілігін көруіне аз уақыт қалды. Алдағы уақытта жоба кенттің инфрақұрылымын жақсартып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.

Back to top button