Спорт

Жеңіс! «Ұлытау» «Оқжетпесті» 2:0 есебімен ұтты

Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында «Ұлытау» футбол клубы өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпес» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Жанкүйерлердің қолдауымен өткен кездесуде алаң иелері ойын тізгінін бастапқы минуттардан-ақ қолға алды.

Матч барысында «Ұлытау» шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасының маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Нәтижесінде бұрыштама добынан кейін Артур Бугнон есеп ашып, клуб сапындағы алғашқы голын соқты. Арада көп уақыт өтпей, Аслан Ахмедовтың дәл пасын сәтті пайдаланған Бақдәулет Зульфикаров есеп айырмасын ұлғайтып, команданың басымдығын нығайтты.

Ойынның соңына дейін алаң иелері есепті еселеуге бірнеше мүмкіндік алды. Дегенмен қалған сәттерді голға айналдыру мүмкін болмады. Кездесу 2:0 есебімен аяқталып, үш ұпай «Ұлытаудың» еншісінде қалды.

Команда өкілдері стадион трибуналарынан қолдау білдірген және ойынды экран алдында тамашалаған жанкүйерлерге алғыс айтты. Жанкүйерлердің қолдауы футболшыларға әрдайым күш беріп, жаңа жеңістерге жігерлендіреді.

Back to top button