Қоғам

Елімізде балаларға қолдау көрсететін «Balazhan» платформасы енгізіледі

Қазақстанда ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларды ерте анықтауға арналған «Balazhan» цифрлық платформасы енгізілуде. Жаңа жүйе балаларға қажетті көмекті уақытылы ұйымдастырып, олардың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Жоба 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Платформаның басты мақсаты – көмекке мұқтаж балаларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті қолдауды ұйымдастыру.

«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы жаңа мәліметтер жинауды талап етпейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттар мен әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізген деректер енді бір цифрлық ортада жинақталады. Мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, қажет болған жағдайда ғана жаңартылады.

Бұл өзгеріс педагогтердің құжат толтыруға кететін уақытын қысқартып, мамандар арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларға көрсетілетін көмекті жүйелі ұйымдастыруға жол ашады.

Айта кетейік, «Balazhan» – Ұлттық білім беру деректер қорының бір бөлігі. Платформада балалардың жеке деректерін қорғау заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

Жаңа цифрлық жүйе балаларға қажетті қолдауды дер кезінде көрсетіп, оларды сүйемелдеу жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Back to top button