Мәдениет

Жезқазғанда «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» республикалық фестиваль-көрмесі өтті

Жезқазған қаласында ұлттық киімнің қадір-қасиетін дәріптеп, дәстүрлі нақышты заманауи сәнмен ұштастырған «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты республикалық фестиваль-көрме өтті.

Ұлытау облысының Дін істері басқармасы ұйымдастырған шараға еліміздің әр өңірінен келген дизайнерлер, қолөнершілер мен өнер жанашырлары қатысты. Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында белгілі журналист Дана Нұржігіт, Тұрар Саттарқызы және дизайнер Нұргүл Кенжебаева болды. Қонақтар ұлттық киімнің бүгінгі қоғамдағы орны мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызы жөнінде пікір білдірді.

Іс-шараның негізгі бөлігі сән көрсетіліміне арналды. Көрермен назарына Гүлнара Досенбаева, Гүлнұр Жарылханова, Дана Марленқызы және Нұргүл Кенжебаеваның авторлық топтамалары ұсынылды. Сондай-ақ «LEBIZ» жібек орамалдар топтамасы таныстырылды. Ерекше назар аудартқан жобалардың бірі – Ақтөбеден келген он қатысушы ұлттық киім үлгілерін көрсеткен Айгүл Төлеубаеваның «60+» жобасы болды.

Фестиваль аясында көрме-жәрмеңке де ұйымдастырылды. Онда ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, жібек орамалдар, киізден жасалған бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары көпшілікке ұсынылды. Қонақтар отандық шеберлердің жұмыстарымен танысып қана қоймай, ұнаған бұйымдарын сатып алуға мүмкіндік алды.

Бұдан бөлек, қатысушыларға ұлттық нақышта кесте тігу және орамал тағу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлттық мұраны жаңғыртып, дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар отандық дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің шығармашылығын кеңінен танытуға жол ашады.

Back to top button