«Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» тақырыбында кездесу өтті

2026 жылғы 19 ақпанда Жезқазған қаласындағы М.Әуезов атындағы кітапхана акт залында «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – қыз бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызын айқындап, отбасы мен қоғамдағы қыздың рөлін талқылау, сондай-ақ өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасу болды.
Жиынға «AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау және қоғамдық ұйым басшылары, студенттер қатысты.
Күн тәртібінде қыз тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мен отбасы институтының рөлі, қыздар арасындағы сталкинг пен лудоманияның алдын алу, ерте жүктілік пен жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу, сондай-ақ әйелдер денсаулығын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Спикерлер өз баяндамаларында қазіргі қоғамдағы қыз баланың тәрбиесіне қатысты өзекті түйткілдерді көтеріп, ұлттық тәрбие мен заманауи талаптардың үйлесімі туралы ой бөлісті. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, психологиялық қолдау қызметтерін күшейту және отбасы құндылықтарын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында ұйымдастырушылар қыз тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі екенін атап өтіп, ұлттық дәстүрлерді заман талабына сай жаңғырту баршаның ортақ міндеті екенін жеткізді.