Қоғам

Жезқазғанда «Бала құқығы – басты құндылықтардың бірі» атты интеллектуалдық ойын өтті

Жезқазған қаласында оқушылар арасында «Бала құқығы – басты құндылықтардың бірі» атты интеллектуалдық «Брейн-ринг» ойыны ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін терең меңгерту және заңға құрмет сезімін қалыптастыру.

Танымдық додаға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, оқушылардың білім сайысын тамашалады. Шара барысында қатысушылар құқық саласына қатысты сұрақтарға жауап беріп, түрлі кезеңдер бойынша бақ сынасты.

Алғашқы «Блицкриг» кезеңінде оқушылар бала құқықтары, халықаралық құжаттар мен Ата Заңға қатысты жедел сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция, Қазақстан Республикасының Конституциясы және адам құқықтарына қатысты негізгі нормалар жөніндегі білімдерін көрсетті.

Келесі бөлімде бейнематериал арқылы ұсынылған құқықтық жағдаяттар талданып, заңбұзушылықтарды анықтау және оны шешу жолдарын ұсыну тапсырылды. «Қарсыласқа тетеп бер» кезеңінде командалар бір-біріне дайындаған сұрақтарын жолдап, тапқырлық пен білім деңгейін сынады. Ал «Цифрлар сөйлейді» бөлімінде маңызды даталар мен сандардың мәнін ашу қажет болды. Оқушылар 30 тамыз – Конституция күні, 20 қараша 1989 жыл – Бала құқықтары туралы конвенция қабылданған күн, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні сынды атаулы даталардың маңызын нақты атап өтті.

Шара соңында «Құқық ағашы» танымдық бөлімі ұйымдастырылып, қатысушылар өз құқықтары мен міндеттерін жазып, ортақ макетке жапсырды. Бұл бөлім құқық пен міндеттің өзара сабақтастығын түсіндіруге бағытталды.

Қазылар алқасының шешімімен үздік командалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Back to top button