55 жыл – өңір индустриясының жүрегі соққан уақыт

Бүгін – Жезқазған мыс балқыту зауытының құрылғанына 55 жыл толған айтулы күн.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл алып өндіріс орны – тек өңіріміздің ғана емес, тұтас Қазақстанның индустриялық қуатын айқындайтын стратегиялық нысан. Мыңдаған тағдыр тоғысқан, еңбек пен ерліктің символына айналған зауыт – Жезқазғанның дамуымен біте қайнасқан киелі мекен.
Кәсіпорынның іргетасының қалануында ұлы ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі ерекше. Оның көрегендігі мен ғылымға негізделген шешімдері өндірістің өркендеуіне жол ашты.
Бүгінде мыс балқыту зауыты – әлемдік деңгейдегі өндіріс орталығы, өңір экономикасының тірегі, ел дамуына сүбелі үлес қосып отырған мақтанышымыз. Бұл – әр жұмысшының маңдай тері, әр инженердің білімі мен кәсібилігінің нәтижесі.