Қоғам

Сарапшылар конституциялық реформаны саралады

Жезқазған қаласында Ауыл партиясының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында сарапшылық форум өтті. Басқосуға қоғам қайраткерлері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және партия мүшелері қатысып, өзара пікір алмасты.

Форум барысында жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасының негізгі бағыттары таныстырылып, оның саяси жүйені жаңғыртудағы рөлі кеңінен қозғалды. Қатысушылар конституциялық өзгерістердің уақыт талабынан туындаған стратегиялық қадам екенін атап өтіп, мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруге бағытталған бастамаларға тоқталды.

Жиын аясында құжатта көрініс тапқан «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларының маңызы айқындалды. Бұл қағидаттардың қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және әділдік принциптерін орнықтыруға ықпал ететіні айтылды.

Сондай-ақ Парламенттің рөлін күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері сөз болды. Мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыру бағытындағы ұсыныстар да назардан тыс қалмады.

Қатысушылардың пікірінше, конституциялық өзгерістер елдегі саяси жаңғыру үдерісін жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуға негіз қалайды. Форум еркін пікір алмасу форматында өтіп, нақты ұсыныстар ортаға салынды.

Back to top button