Ұлытау облысында қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары жалғасуда

Ұлытау облысында қызылша ауруына шалдыққандар саны артып отыр. 2026 жылдың басынан бері зертханалық расталған 66 жағдай тіркеліп, олардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. Аурудың негізгі ошақтары — Сәтбаев және Жезқазған қалалары, сондай-ақ облыстың 4 мектебі мен 9 мектепке дейінгі балалар мекемесінде анықталған.Мамандардың хабарлауынша, қызылшамен ауырған балалардың 93,5 пайызы екпе алмаған, ал аурудан қорғанудың ең тиімді жолы — уақытылы вакцинация.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы Nº3 «Қазақстан Республикасында қызылша бойынша санитариялық-эпидемияга
қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу шаралары
туралы» қаулысы қабылданған еді. Қаулыға сәйкес, облыста қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қызылшаға қарсы 2556 адам қамтылған, бұл жоспарланғандардың 95%-ын құрайды. Сонымен қатар балаларды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу талаптары күшейтілген: енді стационарға түсу үшін қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина кемінде 21 күн бұрын салынған болуы тиіс. Тек тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларға ғана жеңілдік қарастырылған.
Мамандар вакцинация тек жеке баланы ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін ескертеді. Сонымен қатар қарапайым алдын алу шаралары сақталуы қажет: бөлмелерді желдету, қолды жиі жуу және көп адам жиналатын орындарға баруды шектеу. Ата-аналарға балалардың егу мәртебесін тексеріп, уақытылы вакцина салдыру ұсынылады.