Қоғам
Тренд

Ұлытау облысында референдум учаскелері жұмысын бастады

Ұлытау облысында республикалық референдум аясында барлық дауыс беру учаскелері жұмысын бастады. Өңірде референдумды ұйымдастыру үшін 6 аумақтық және 127 учаскелік референдум комиссиясы қызмет атқаруда. Жалпы комиссия құрамында 845 адам бар. Оның ішінде 42-сі аумақтық, ал 803-і учаскелік комиссия мүшелері.

Облыс бойынша дауыс беруге 136 447 азамат тіркелген. Дауыс беру учаскелерінде тұрғындар таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өз таңдауларын жасай алады. Ал Жәйрем кентіндегі 6 учаскеде тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің ауысымдық жұмыс кестесіне байланысты дауыс беру уақыты 06:00-ден басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.

Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс қалаларындағы 57 учаскеде азаматтардың сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексеруге арналған онлайн сервистер орнатылған. Сонымен қатар 6 учаскеде азаматтарды тіркеу қызметі жұмыс істейді.

Референдум кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне де ерекше көңіл бөлінген. Барлық учаскелер пандустармен және арнайы тұтқалармен жабдықталған. Кресло-арба пайдаланатын азаматтарға волонтерлер көмек көрсетеді. Сондай-ақ облыс бойынша 7 инватакси қызметі жұмыс істеп, азаматтардың учаскелерге келуіне жағдай жасалған.

Back to top button