Қоғам
Тренд

Ұлытау облысында референдум белсенді, ұйымдасқан әрі мерекелік атмосферада өтуде

Ұлытау облысында республикалық референдум өтуде. Өңір тұрғындары маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамайтынын және жоғары азаматтық жауапкершілігін көрсетуде.

Облыс аумағында 6 аумақтық және 127 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істеуде. Комиссиялардың құрамында 845 адам бар. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Өндіріс орындарында ауысымдық жұмыс кестесі бар елді мекендерде дауыс беру уақыты жұмысшыларға қолайлы болу үшін арнайы ұйымдастырылды.

Ұлытау облысы бойынша референдумға қатысушылар тізіміне 136 447 азамат енгізілген. Дауыс беру учаскелерінде тұрғындардың еркін әрі ыңғайлы дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Облыс қалаларындағы 57 учаскеде азаматтардың өздерін сайлаушылар тізімінен тексеруіне мүмкіндік беретін онлайн-сервистер енгізілген.

Референдумға әртүрлі жастағы тұрғындар белсенді қатысуда. Соның бір айқын мысалы – Жаңаарқа ауданы Қызылжар ауылының 116 жастағы тұрғыны Түймегүл Темірбаева. Елдегі ең қарт тұрғындардың бірі саналатын кейуана референдумда өз таңдауын жасады. Жасына байланысты учаскелік комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін оның үйіне апарып, дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды.

Кейбір учаскелерде дауыс беру мерекелік көңіл күйде өтуде. Мәселен, Жезқазған қаласындағы бір учаскеде келушілерді Женя есімді клоун қарсы алып, түрлі фокустар көрсетіп, тұрғындардың көңілін көтеруде.

Спорт өкілдері де белсенділік танытты. Бір топ марафоншы Жезқазған қаласынан Сәтбаев қаласына дейін жүгіріп барып, №47 референдум учаскесінде дауыс берді. Сонымен қатар «Ұлытау» футбол клубының ойыншылары да №30 учаскеге келіп, өз таңдауларын жасады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында өңірде 7 инватакси қызметі жұмыс істеп, тұрғындарды учаскелерге жеткізуде.

Референдумға қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері, ардагерлер, жастар және өңірдің өзге де тұрғындары белсенді қатысуда.

Back to top button