Арманын айқын жобаға айналдырған кәсіпкер

Ұлытау өңірінде кәсіпкер Айжанның бастамасымен ашылған «Қарақат» мектеп-студиясы бүгінде жүздеген баланың өнерін шыңдап отырған ірі жобаға айналды.Кәсіпкердің табандылығы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында басталған іс өңірдегі мәдени-білім беру саласына серпін беріп отыр. Айжан еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған. Ол бұл салада 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалын басқарды. Осы кезеңде ол өңірдегі кәсіпкерліктің даму ерекшеліктерін, бизнес өкілдері кездесетін қиындықтарды терең түсінді.
Кәсіпкерлік жолын Айжан мемлекеттік гранттардың көмегімен бастады. Алдымен Ұлытау облысының нарығына арналған тағамдық жартылай фабрикаттар өндірісін іске қосып, кейін мектеп формасын тігетін тігін цехын ашты. Осылайша басқару тәжірибесін жинақтап, өз командасын қалыптастырды.Айжанның өміріндегі маңызды бетбұрыс 2020 жылмен тұспа-тұс келді. Оның қызы вокалмен айналысқандықтан, отбасы сол кезде тек Астанада жұмыс істеген «Қарақат» мектеп-студиясын іздей бастаған. Пандемия кезіндегі белгісіздікке қарамастан, кәсіпкер батыл шешім қабылдап, студияның филиалын ашуға тәуекел етті.
Нәтижесінде 2020 жылдың қазан айында «Қарақат» мектеп-студиясы өз есігін айқара ашты. Көптеген кәсіпорындар қызметін тоқтатқан кезеңде бұл жоба керісінше жаңа даму жолын бастады.Жобаның дамуына мемлекеттік қолдау да елеулі ықпал етті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиялау және несиелерге кепілдік беру құралдары қаржылық жүктемені азайтып, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік берді.Бүгінде «Қарақат» мектеп-студиясы бір филиалдан төрт филиалға дейін кеңейді. Олар Қарағанды қаласында, сондай-ақ Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жұмыс істейді. Қазіргі таңда студияда 1250-ден астам бала вокал, хореография, актерлік шеберлік, домбыра мен жетіген аспаптарында ойнау, сондай-ақ бейнелеу өнері бағыттары бойынша білім алуда.
Жоба аясында шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіби педагогтардан құралған мықты команда қалыптасты. Бүгінде «Қарақат» – тек өнер мектебі ғана емес, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда балалар сахнадағы алғашқы қадамдарын жасап, өз таланттарын дамытып, болашаққа деген сенімін нығайтады.Айжанның кәсіпкерлік жолы – жеке бастама, кәсіби тәжірибе және «Даму» қорының қолдауы арқылы арманды ауқымды әрі қоғамға пайдалы жобаға айналдыруға болатынын көрсететін жарқын мысал.