Білім

Күй күмбірі — сауда орталығында

«Наурызнама» онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның жас өнерпаздары «Samadi MART» гипермаркетінде «Күй күмбірі – сауда орталығында» атты шағын мәдени іс-шара өткізді.

Іс-шара барысында оқушылар домбыраның күмбірлеген күйін орындап, қазақтың әсем әндерін шырқап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады. Сауда орталығына келген қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық өнердің әуезді әуенін тамашалап, жас таланттардың өнеріне жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік шара аясында тұрғындарға арналып «Бауырсақ party» ұйымдастырылып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл бастама Наурыз мейрамының ұлттық дәстүрге бай мазмұнын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Ұлттық мәдениетті дәріптеген тағылымды шара көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, Наурыз рухын сезіндірді. Айта кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясындағы мәдени іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын табады.

Back to top button