Заң және тәртіп

Оқушыларға жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Жезқазған қаласындағы №7 мектеп-лицейінде қалалық прокуратура мен полиция департаментінің ұйымдастыруымен жол қозғалысы ережелеріне арналған қауіпсіздік сағаты өтті. Іс-шараға бастауыш сынып оқушылары, олардың ата-аналары және мектептің ұстаздары қатысты.

Шара барысында құқық қорғау органдары балаларға негізгі жол қауіпсіздігі ережелерін еске салды. Оқушыларға тек жаяу жүргіншілер жолымен өту, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ғана қозғалу және жүргізушілердің жол беретінін мұқият тексеру керектігі түсіндірілді. Сонымен қатар, қоғамдық көлікке дұрыс мініп түсу ережелері де назарға алынды.

Ұйымдастырушылар балалардың қауіпсіздігі үшін басты жауапкершілік ересектерде екенін ескертті. Ата-аналар мен мұғалімдер тек жол ережесін түсіндірумен шектелмей, өздері де қауіпсіздік талаптарына сай әрекеттерімен үлгі көрсетуі тиіс.

Мұндай профилактикалық бағыттағы іс-шаралар облыс орталығындағы өзге де білім беру мекемелерінде жалғасын табады.

Back to top button