Басты жаңалықҰлытау тынысы

Сәтбаевта рекорд: 10 000 бауырсақ тегін таратылды!

Сәтбаев қаласында ұлттық дәстүрді дәріптеген ерекше шара – «Бауырсақ фест» өтті. Қала тұрғындарын бір алаңға жинаған мереке көтеріңкі көңіл-күй мен кең дастарқанның символына айналды.


Фестиваль аясында 10 000 дана бауырсақ дайындалып, қала тұрғындарына тегін таратылды. Айта кету керек, бұл бастаманы қала әкімдігі қызметкерлері көтеріп, шараны өз қаражаттары есебінен, яғни бюджеттен тыс ұйымдастырды.

Мерекенің негізгі көрінісі орталық алаңда өтті. Үлкен қазандарда бауырсақтар қуырып, айналаға ұлттық тағамның хош иісі тарады. Сонымен қатар, алаңға тігілген киіз үйлерде бауырсақ дайындаудың дәстүрлі тәсілдері көрсетіліп, этноауыл атмосферасы қалыптасты.

Қала тұрғындары отбасыларымен келіп, ұлттық тағамнан дәм татып, бір-бірімен қуанышты сәттерді бөлісті. Шара барысында бірлік пен ынтымақтың айқын көрінісі байқалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтуға бағытталған. «Бауырсақ фест» – қарапайым тағам арқылы халықты біріктіре алған жарқын мерекелердің бірі болды.

Back to top button