Спорт

Ұлытаулық спортшы ел чемпионы атанды

Жамбыл облысында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен өткен Қазақстан чемпионатында Ұлытау өңірінің спортшысы Еламан Аманкелді топ жарып, ел чемпионы атанды.

Еламан Аманкелді — өңірдегі еркін күрестің үздік өкілдерінің бірі. Ол бұл спорт түрімен 13 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Спортшы Жезқазған қаласындағы олимпиадалық резерв мектебінде білім алып, кейін Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мектеп-интернат-колледжін тәмамдаған. Қазіргі таңда жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығып, 57 келі салмақта өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.

Жеңістің артында бапкерлері Данияр Сарсенбаев, Талғат Каримов және Жасұлан Шубайтегінің жүйелі еңбегі жатыр. Айта кетейік, 2025 жылы Алматы қаласында өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында Еламан қола жүлде еншілесе, сол жылдың шілде айында Мадридте өткен халықаралық Гран-при турнирінде күміс медаль иеленген болатын.

Ерекше атап өтерлігі, Еламан Аманкелді — Ұлытау өңірінен соңғы 34 жылда халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған алғашқы спортшы. Қазіргі таңда чемпион алдағы маңызды дода — Вьетнамда өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті.

Back to top button