«Шәкәрім оқулары» байқауының облыстық кезеңі Жезқазғанда өтті

Жезқазған қаласында ІV Республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті. Қала мен аудандардан оза шапқан дарынды оқушылар өз өнерін көрсетті.
Облыстық әмбебап кітапхана ұйымдастырған сайысқа 5–8 сынып аралығындағы 30-дан аса оқушы қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды: «Талап», «Білім» және «Таза ақыл». Шәкәрім шығармашылығын насихаттау мақсатындағы бұл шара әр қатысушының шығармашылық ойын көрсетуге тамаша мүмкіндік берді.
Қазылар алқасы әр кезең бойынша үздіктерді анықтап, шешуші сайыста оқушылар Шәкәрім өлеңдеріндегі терең ойларды талдап, өз пікірлерін ортаға салды.
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Республикалық кезең сәуір айының соңында Астана қаласында өтеді, ал облыстық додадағы жеңімпаздар ел көлемінде өз өнерін танытатын болады.