Суық қойма қалай жедел басқару орталығына айналды

Жезқазғанда Төтенше жағдайлар департаментінің Жоспарлау және жедел басқару орталығы күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Бұрын суық қойма болған ғимарат толық жаңғыртылып, заманауи басқару орталығына айналды.

Орталық цифрлық жүйелермен және заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған. Мұнда жедел штаб, ситуациялық зал және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін техникалық бөлімдер қарастырылған.
Жаңғырту нәтижесінде төтенше жағдайларға ден қою кезінде күштер мен құралдарды үйлестіру тиімділігі артқан. Орталық нақты уақыт режимінде жағдайды бақылап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс басшылығы және жергілікті атқарушы органдар қатысты.

Жаңа нысан өңірдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырып, жедел қызметтердің жұмысын жүйелеуге бағытталған.