Ұлытаулық Нұрасыл — XXI ғасырдың көшбасшысы

Сүйінші хабар! Жезқазған қаласындағы №3 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Нұрасыл Тұрсынхан тағы бір мәрте білім додасында топ жарып, өңір мерейін үстем етті. Дарынды жас XXI ғасыр көшбасшысы зияткерлік тележобасының апталық кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, республика деңгейінде Ұлытау облысының абыройын асқақтатты.
Аталған жоба – еліміздің әр өңірінен жиналған алғыр ойлы оқушылардың білім мен білігін сынға салатын беделді алаң. Қатысушылар түрлі пәндер бойынша күрделі сұрақтарға жауап беріп, логикалық ойлау, жылдамдық және жан-жақты дайындықтарын паш етеді. Осындай тартысты кезеңде Нұрасыл өзінің терең білімімен, ұшқыр ойымен ерекшеленіп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Жас дарынның айтуынша, ол болашақта ғылым жолын таңдап, ұстаз болуды мақсат етеді. Әсіресе физика пәніне деген қызығушылығы ерекше. Бұл – оның зерттеуге, жаңалық ашуға деген талпынысының айқын дәлелі. Бүгінгі жетістігі – табандылық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Ұстаздары мен сыныптастары Нұрасылдың бұл жеңісін үлкен мақтанышпен қабылдап, алдағы кезеңдерде де сәттілік тілеп отыр. Мұндай жетістіктер – жас ұрпаққа үлгі болып, білімге деген құштарлықты арттыра түсетіні сөзсіз.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар арасында оза шапқан ұлытаулық өренге алдағы белестерді бағындырып, жаңа жеңістерге жете беруіне тілектеспіз!