Ұлытауда тұрғын үй саласы жаңғыруда: апатты үйлер сүріліп, жаңа кешендер салынады

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Amanat» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Turgyndar amanaty» жобасы аясындағы «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» форумына қатысты. Іс-шара барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелер мен оны дамыту жолдары талқыланып, үздік пәтер иелері кооперативтері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форумға сондай-ақ «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев пен Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қатысты.
Жиында өңір басшысы сөз сөйлеп, салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайын жақсарту мақсатында инвесторлармен бірлескен жобалар қарқынды іске асуда. Соның аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы апатты үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынбақ.

Соңғы үш жыл ішінде облыста 119 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, 48 үйдің шатыры жөнделген. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде бағалануда.
Биыл да жаңғырту жалғасып, тағы 33 тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін толық жөндеу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2023–2025 жылдар аралығында апатты үйлерде тұрған 115 меншік иесіне жергілікті бюджеттен өтемақы берілген.
Облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Turgyndar amanaty» жобасы бұл бағыттағы бастамаларға жаңа серпін береді.