Ұлытау тынысы
Тренд

Қаладағы құрылыс жобаларына шолу жасалды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты. Өңір басшысы қаладағы әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар нысандардың құрылыс қарқынына ерекше назар аударды.

Алдымен облыс әкімі салынып жатқан жаңа мешіттің құрылыс алаңына барып, Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жоспарын қарады. Жоба бойынша бұл аумақ болашақта тұрғындар мен қала қонақтары серуендеп, тынығатын заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ. Өңір басшысы жауапты мамандарға жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар Дастан Рыспеков құрылысы аяқталуға жақын жаңа Оқушылар сарайының аумағын да аралады. Нысан айналасын көгалдандыру, абаттандыру және ағаш отырғызу жұмыстары бойынша нақты міндеттер жүктелді.

 

Іссапар барысында облыс әкімі Батыс ауданда салынуы жоспарланған конгресс-орталықтың орнын да көріп шықты. Жобаға қажетті инженерлік инфрақұрылымды уақытылы жүргізу және құрылыс қарқынын күшейту мәселелері назарға алынды.

Айта кетейік, мұндай жобалар қала келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Back to top button