
9 мамыр — тарих алдындағы тағзым күні. Біз күнделікті жүретін Жезқазған көшелерінің атауында ел үшін от кешкен ерлер мен қазақ ғылымының негізін қалаған тұлғалардың есімі жазылған. Zhezlife редакциясы қала картасындағы әрбір есімнің тарихына үңіледі.
Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары мен ұшқыштары
Нүркен Әбдіров көшесі: Көк аспанның қыраны, ұшқыш. Ол 1942 жылы 19 желтоқсанда өз ұшағын жау танктерінің ортасына бағыттап, ерлікпен қаза тапты. Көше қаланың 79-шы орамында орналасқан.
Қазыбек Нұржанов көшесі: 1990 жылы бұрынғы Горный көшесіне Кеңес Одағының Батыры Қ. Нұржановтың есімі берілді. Ол 1945 жылғы наурызда майданда көрсеткен ерлігі үшін батыр атағын алды.
Серікбай Асатов көшесі: 750-авиация полкінің эскадрилья командирінің орынбасары. 1942 жылы Берлинді бомбалауға барған сапарында ерлікпен қаза тапқан. Көше қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан.
Константин Заслонов көшесі: Белоруссия жерінде партизан қозғалысын басқарған, Кеңес Одағының Батыры. Көше Шевченко көшесімен қиылысады.
Зоя Космодемьянская тұйық көшесі: Аңызға айналған барлаушы, фашистердің қолынан қаза тапқан. Бұрынғы Некрасов тұйық көшесі 2000 жылы осы есімге өзгертілді.
Қазақтың қаһарман қыздары
Әлия Молдағұлова көшесі: 1990 жылы бұрынғы Жданов көшесіне мерген қыз, Кеңес Одағының Батыры Әлияның есімі берілді. Ол 1944 жылы Псков облысында ерлікпен қаза тапты.
Мәншүк Мәметова көшесі: 1958 жылдан бастап қаланың бір қиылысына пулеметші Мәншүктің есімі берілген. Ол небәрі 21 жасында майданда көз жұмған.
Жауынгер жазушылар мен ақындар
Баубек Бұлқышев көшесі: Публицист, жауынгер жазушы. «Заман біздікі», «Мен өмір сүргім келеді» туындыларының авторы 1944 жылы Украинаны азат ету шайқасында қаза тапты. Көше қаланың оңтүстігінде, Рыбачий кентінде орналасқан.
Тәшібай Әлмұхамедов көшесі: Жауынгер ақын, Жезқазған кенішінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1943 жылы Дон өзені бойындағы ұрыста қаза тапқан. Бұрынғы 2-ші Транзитная көшесі 1990 жылы осы есімге ауыстырылды.
Тайыр Жароков көшесі: Халық ақыны Ж. Жабаевтың әдеби хатшысы болған, соғысқа қатысқан ақын. Көше қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан.
Ілияс Есенберлин көшесі: «Көшпенділер» трилогиясының авторы, соғыс ардагері. 2000 жылы бұрынғы Советская көшесіне осы есім берілді.
Ғылым, еңбек және қоғам қайраткерлері
Қаныш Сәтбаев көшесі: Академик, қазақ ғылымының негізін қалаушы. 1983 жылы бұрынғы Казахстанская көшесіне ғалымның есімі берілді. Көше қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан ең үлкен көшелердің бірі.
Жәңгір Жанасов көшесі: 1958-1965 жылдары Жезқазған қалалық атқару комитетінің төрағасы болған. Бұрынғы З. Космодемьянская көшесі 1999 жылы Ж. Жанасов есіміне өзгертілді.
Мұзафар Жүсіпов көшесі: Еңбек ардагері, алғашқы мыс балқытушы. 1928 жылы алғашқы мыс балқымасын алуға қатысқан. Көше бұрын Юности деп аталған.
Әділбек Салықбаев көшесі: Соғыс ардагері, Жезқазғанның қалыптасуына үлес қосқан еңбек сіңірген құрылысшы. 1990 жылы бұрынғы 2-ші Усадебный көшесіне осы есім берілді.
Қазыбековтер көшесі: Тұңғыш агроном, биолог-генетик Жұбайы Қазыбеков пен дәрігер Мағрипа Қазыбекованың құрметіне аталған. Көше Рыбачий кентінде орналасқан.
Мұрат Құрманов тұйық көшесі: Генерал-майор, соғыс ардагері, Жезқазған облыстық ІІБ-нің бастығы болған. 1994 жылы бұрынғы Куйбышев тұйық көшесі осы тұлғаның есіміне өзгертілді.
Тарихи тұлғалар мен ғарышкерлер
Юрий Гагарин көшесі: Тұңғыш ғарышкер. 1961 жылы Первомайский көшесіне осы есім берілді.
Ғани Мұратбаев көшесі: Қазақстан комсомолының негізін қалаушы.
Владимир Маяковский көшесі: Көрнекті орыс ақыны.