Заң және тәртіп

“Заң мен Тәртіп” цифрлық сервисі арқылы 34 мыңнан астам хабарлама түскен

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық шешім – “Заң мен Тәртіп” сервисі арқылы құқық бұзушылықтар туралы полицияға бір батырмамен хабарлау мүмкіндігі тиімді жұмыс істеп келеді.

Аталған сервис өткен жылдың жазында іске қосылған. Ол eGov Mobile және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.

Арнайы батырма арқылы пайдаланушылар полицияға бармай-ақ және қоңырау шалмай-ақ төмендегі жағдайлар бойынша жедел хабарлама жолдай алады:

* құқық бұзушылықтар
* тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері
* жол-көлік оқиғалары
* балаға қатысты оқыс жағдайлар
* қоғамдық тәртіптің бұзылуы және өзге де оқиғалар

Жіберілген хабарламалар бірден тиісті полиция органдарына түсіп, оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ресми дерекке сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында сервис арқылы 34 153 хабарлама тіркелген. Бұл жүйенің халық арасында кеңінен қолданылып, өз тиімділігін көрсетіп отырғанын дәлелдейді.

Цифрлық сервис құқық қорғау органдары мен азаматтар арасындағы байланысты жеделдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды құралдардың біріне айналып отыр.

Back to top button