Жезқазғанда дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтті

Халықаралық музейлер күніне орай Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде дәстүрлі «Музей түні» мәдени акциясы ұйымдастырылды. Тарих пен руханият тоғысқан кеште тұрғындар мен қала қонақтары ұлттық мұрамен танысып, ерекше атмосфераға куә болды.
Мерекелік шараға мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, жастар және қала тұрғындары қатысты. Кеш барысында музей ісінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталып, арнайы алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – музей қорындағы жәдігерлерді кеңінен насихаттап, тарихи мұраға деген қызығушылықты арттыру.

Кеш қонақтарына арнайы инсталляциялар мен интерактивті аймақтар ұсынылды. Көпшіліктің назарын көне сауда керуенінің көрінісі, теңге соғу шеберлік сабақтары, жас зерттеушілер алаңы және киіз үйдегі тарихи-танымдық әңгімелер аударды. Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының көрмесі, сурет галереясы мен ұлттық нақыштағы жәрмеңке ұйымдастырылды.

Шара аясында дәстүрлі «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясының қорытындысы жарияланып, музей қоры жаңа жәдігерлермен толыққаны айтылды. Жыл басынан бері қорға 41 тарихи-этнографиялық бұйым қабылданған. Олардың қатарында тал бесік, тұрмыстық заттар, тарихи қару-жарақ бөлшектері және ұлттық құндылығы жоғары жәдігерлер бар.

«Музей түні» акциясы биыл да тарих пен мәдениетті ұлықтайтын рухани кешке айналып, келушілерге өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.