«109» тәулік бойы тұрғындар мәселесін қабылдап жатыр

Ұлытау облысында тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін «109» бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмысын жалғастырып келеді. 2022 жылы іске қосылған орталық бүгінде тәулік бойы халықтан түсетін өтініштерді қабылдап, коммуналдық қызмет, абаттандыру, әлеуметтік қолдау және құқықтық тәртіпке қатысты мәселелердің жедел шешілуіне ықпал етуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында орталықтың 2026 жылдың алғашқы бес айындағы жұмысы қорытындыланды. Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері «109» қызметіне 20 мыңға жуық қоңырау түскен. Ал өткен жылы тұрғындардан келіп түскен 51 мыңнан астам өтінішке жауап берілген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан.
Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш арнайы ақпараттық жүйеде тіркеліп, тиісті мемлекеттік органға немесе коммуналдық мекемеге жолданады. Сонымен қатар өтініштердің орындалу мерзімі толық бақылауда ұсталады.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар тарапынан ең жиі көтерілетін мәселелер коммуналдық салаға қатысты. Бұдан бөлек, байланыс орталығына кеңес алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік бағыттағы сауалдар бойынша да өтініштер тұрақты түрде түсіп отырады.
Қазіргі таңда жүйе өтініштерді орындаушылар арасында автоматты түрде бөліп, олардың орындалу сапасы мен мерзімін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сараптамалық есептер әзірленіп, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтауға жағдай жасалған.
Мамандардың сөзінше, «109» байланыс орталығының жұмысы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі түйткілді мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне септігін тигізіп келеді.