Жазғы демалыста балаларға жұмыс істеуге бола ма?

Кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдауда заң талаптарын сақтау маңызды
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартын жасасуға он алты жасқа толған азаматтарға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, заңда кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың нақты талаптары мен шектеулері белгіленген.
Кодекстің 31-бабына сәйкес, еңбек шарты:
* негізгі орта немесе жалпы орта білім алып жүрген 15 жасқа толған жасөспірімдермен;
* сабақтан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін әрі оқу процесіне кедергі жасамайтын жұмыстарды орындау үшін 14 жасқа толған оқушылармен;
* 14 жасқа толмаған балалармен кинематография ұйымдарында, театр және концерт ұйымдарында шығармашылық қызметке қатысу мақсатында жасалуы мүмкін.
Бұл ретте кәмелетке толмаған тұлғамен бірге еңбек шартына оның заңды өкілдерінің бірі де қол қоюы тиіс.
Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған азаматтарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайы зиянды немесе қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға қабылдауға тыйым салынады.
Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген:
* 14 пен 16 жас аралығындағы қызметкерлер үшін аптасына 24 сағаттан аспайды;
* 16 мен 18 жас аралығындағы қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайды.
Бұдан бөлек, Кодекстің 76-бабына сәйкес, 18 жасқа толмаған қызметкерлерді түнгі уақытта жұмысқа тартуға жол берілмейді.
Жазғы демалыс маусымының басталуына байланысты жұмыс берушілерге кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заңнамада көрсетілген барлық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі.