Ұлытау облысында мәдениет саласына 3,5 млрд теңге бөлінді

Ұлытау облысында мәдениет саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Биыл өңірдегі мәдениет ұйымдарын қаржыландыруға 3,5 млрд теңге бөлінді.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин айтты.
Қазіргі таңда облыста 105 мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 39 мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 51 кітапхана және облыстық басқармаға қарасты 15 мекеме бар. Мәдениет саласында 1153 қызметкер еңбек етеді. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 13 маманға облыс әкімінің арнайы номинациясы мен ақшалай сыйақысы табысталды. Сондай-ақ бір қызметкер «Құрмет» орденімен, бір маман «Ерен еңбегі үшін» медалімен және тағы бір қызметкер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Өңірде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалы-драма театрының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Сонымен қатар биыл Жезқазған қаласында Конгресс-орталықтың құрылысы басталмақ. Жаңаарқа ауданындағы бірнеше ауылдық мәдениет үйі мен аудандық мәдени-сауық орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен екі мәдениет нысанын жабдықтау жоспарланған.
Жыл басынан бері мәдениет және өнер мекемелерінде 620 ірі мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Ералиев ауылында «Көкмайса», сондай-ақ «Ұлытау үні» және халықаралық «Жезкиік» фестивальдерін өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, театр репертуары «Макбет» және «Көке» спектакльдерімен толықты. Театр ұжымы Қостанай мен Арқалық қалаларында гастрольдік сапар ұйымдастырып, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады.