Үйіміздегі жарық қайдан келеді?
Қазақстанның энергетикалық жүйесінде қай ресурс басым рөл атқарады? Соңғы деректерге сүйенсек, елдегі электр энергиясының негізгі бөлігі әлі де көмір станцияларында өндіріледі.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы электр энергиясы өндірісінің 62,1 пайызы көмір генерациясының үлесінде. Бұл көмірдің ел энергетикасындағы басты ресурс болып қала беретінін көрсетеді.
Сонымен қатар, газ генерациясының да маңызы артып келеді. Қазіргі таңда газ электр станциялары жалпы өндірілетін электр энергиясының 23,4 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сарапшылар бұл бағыттың алдағы жылдары одан әрі дамитынын айтады.
Экологиялық таза энергия көздерінің қатарындағы ірі су электр станцияларының үлесі 7,5 пайызды құрайды. Олар электр қуатын өндірумен қатар, энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Ал жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бүгінде жел және күн электр станцияларының үлесі жалпы генерация көлемінің 7 пайызына жеткен. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Осылайша, Қазақстан энергетикасы бірнеше генерация көздеріне сүйене отырып дамуда. Мемлекет қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғыртып, жаңа қуат көздерін іске қосумен қатар, газ генерациясын, гидроэнергетиканы және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр.
Мамандардың пікірінше, энергия көздерін әртараптандыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.