Қазақстан темір жолдары цифрлық жүйеге көшеді

Қазақстанның теміржол саласы цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басты. Алдағы уақытта еліміздің темір жолдарында жасанды интеллект негізіндегі Smart Rail жүйесі енгізіледі.
Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде Қазақстан Қытайдан Еуропаға бағытталатын құрлықтық жүктердің шамамен 80 пайызын өткізеді. Соңғы бес жылда транзиттік тасымал көлемі 20 миллион тоннадан 33 миллион тоннаға дейін өскен. Енді бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 миллион тоннаға, ал 2040 жылға қарай 100 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, логистикалық инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта халықаралық бағыттар бойында жеті терминал жұмыс істесе, тағы жеті нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында бірыңғай логистикалық желі қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ірі өндіріс орындары мен кен орындарына баратын теміржол желілерін жаңғырту көзделген. Перспективалы жобалардың қатарында Қарағанды облысындағы Қарағайлы кен орындарына апаратын жолдарды жаңарту және «Индербор – Орал» жаңа теміржол желісінің құрылысы бар.ТТеміржол саласын цифрландыру аясында барлық негізгі нысандар бойынша бірыңғай деректер базасы қалыптастырылады. Smart Rail жүйесі жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын пайдалану арқылы басқару тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және қауіпсіздік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.