«Ustaz Ulytau» жобасына-5 жыл

Жезқазғанда білім беру жүйесін дамытуға бағытталған «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының бес жылдығына арналған мерейтойлық кездесу өтті. «Даму траекториялары: жаңа мүмкіндіктерге жол» тақырыбындағы жиынға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, мектеп директорлары, педагогтер, сарапшылар мен жоба өкілдері қатысты.
«Ustaz Ulytau» – ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға, мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттерін дамытуға және білім сапасын жақсартуға бағытталған бірегей әлеуметтік жоба. Орталық 2021 жылы «Қазақмыс корпорациясының» бастамасы және қаржылық қолдауы негізінде құрылған. Бүгінде жоба Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында жүзеге асырылып келеді.
Мерейтойлық жиында сөз сөйлеген Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жобаның өңірдегі білім беру саласын дамытудағы маңызына тоқталды.

«Ұлттық кодты сақтай отырып, заман талабына сай бәсекеге қабілетті педагог тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Осы бағытта “Ustaz Ulytau” жобасы мақсатқа жеткізетін алтын көпірге айналды», – деді ол.
Бес жыл ішінде жоба аясында педагогтердің кәсіби дамуына, мектеп басқару мәдениетін жетілдіруге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған көптеген бастама жүзеге асырылды. Кездесуде орталықтың бес жылдық жұмысы қорытындыланып, өңір мектептеріндегі оң өзгерістер мен үздік тәжірибелер таныстырылды.
Сондай-ақ шара барысында қазақстандық және халықаралық сарапшылар заманауи білім беру тәжірибелерімен бөлісіп, білім саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да «Ustaz Ulytau» педагогтердің кәсіби өсуіне қолдау көрсетіп, мектептердің жаңаруына және сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарын жалғастырады.