Ұлытау тынысы

Ұлытау облысында орташа жалақы 656 мың теңгеге жетті

Ұлытау облысы жалақы деңгейі бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің қатарына шықты. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы орташа айлық жалақы 655 995 теңгені құрап, Астана, Алматы және Атырау облысының көрсеткіштерінен жоғары болды.

Ресми деректерге сәйкес, еліміздегі ең жоғары жалақы тіркелген өңірлер үштігіне Маңғыстау облысы, Ұлытау облысы және Атырау облысы енді. Ұлытаудағы орташа табыс республика бойынша орташа жалақыдан шамамен 194 мың теңгеге артық. Ал Қазақстандағы орташа айлық жалақы осы кезеңде 461 486 теңгені құрады.

Сарапшылар өңірдегі жоғары жалақы деңгейін тау-кен және металлургия саласының қарқынды дамуымен байланыстырады. Ұлытау облысы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналатын өндірістік кәсіпорындар мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Әсіресе өңірдегі ірі жұмыс берушілердің бірі – «Қазақмыс» корпорациясы. Компания жүзеге асырып жатқан өндірістік жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлердің табысын арттыруға мүмкіндік беруде.

Нәтижесінде Ұлытау облысы бүгінде халықтың табыс деңгейі ең жоғары өңірлердің біріне айналып, ел экономикасындағы маңызды индустриялық орталық мәртебесін нығайтып келеді. Бұл көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Back to top button