Заң және тәртіп

Ұлытау облысында инвесторға 55 миллион теңге қайтарылды

Ұлытау облысында прокуратураның араласуынан кейін жел электр станциясын салып жатқан инвесторға 55 миллион теңге қайтарылды.

Сәтбаев қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, «Mezgilder Qushteri» ЖШС-нің құқықтарының бұзылуына қатысты мәселені қарады. Компания өңірде жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда.

Тексеру барысында инвестордың бірнеше ай бойы артық төленген қосылған құн салығын қайтара алмай жүргені анықталды. Кәсіпорын 2025 жылдың шілде айынан бастап импортталған жабдықтар үшін төленген салық қаражатын қайтару жөнінде мемлекеттік кірістер органдарына бірнеше рет жүгінген. Компания барлық қажетті құжаттарды тапсырғанымен, мәселе ұзақ уақыт шешілмей келген. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салық төлеушінің берешегі болмаса, артық төленген қаражат белгіленген мерзімде қайтарылуы тиіс.

Инвестордың құқықтарын қорғау мақсатында Сәтбаев қаласының прокуратурасы прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде кәсіпорынға жалпы сомасы 55 миллион теңге көлеміндегі артық төленген салық қаражаты толық қайтарылды. Прокуратура өкілдері әкімшілік кедергілерге немесе заңсыз әрекеттерге тап болған инвесторларды құқықтарын қорғау үшін арнайы байланыс арналарына хабарласуға шақырады.

Бұл жағдай өңірде инвестициялық жобаларды қолдау мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті.

Back to top button