Қоғам

Қазақстан тарихи мұраны цифрлық форматқа көшіруді бастады

Қазақстанда Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны құру жұмыстары басталды. Жоба аймақтағы құнды жәдігерлер мен тарихи деректерді сақтап, оларды көпшілікке қолжетімді етуді көздейді.

Бұл бастама өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген тарихи-мәдени мұраны сақтау және кеңінен таныту жөніндегі ұсыныстар аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жобаны іске асыру мақсатында «Қазқайтажаңарту» мекемесінде цифрлық платформаға тарихи құжаттарды жүктеу жұмыстары басталды. Осыған байланысты Лондон университеттік колледжінің (UCL) мамандары қазақстандық реставраторлар мен зерттеушілерге арнайы шеберлік сабағын өткізіп, материалдарды цифрландыру, жүйеге енгізу, сақтау және жүйелеу тәсілдерін таныстырды.

Платформаның орталық серверлік торабы «Қазқайтажаңарту» РМК базасында орналасады. Мұнда Орталық Азия елдерінің тарихи жәдігерлері, архивтік құжаттары, фотосуреттері мен ғылыми зерттеулері бір ортақ цифрлық қорға жинақталады.

Ең бастысы – жаңа жүйе тек ғалымдарға ғана емес, қарапайым азаматтарға да ашық болады. Бұл тарихи мұра туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырып, мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Орталық Азияның археологиялық ландшафттары» жобасы «Қазқайтажаңарту» РМК мен Лондон университеттік колледжі арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылуда. Жобаға Arcadia қайырымдылық қоры қолдау көрсетіп отыр.

Back to top button