140 млн теңге бөлінді: Кеңгір су қоймасында қандай жұмыстар жүріп жатыр?

Ұлытау облысында стратегиялық маңызы бар су қоймаларының қауіпсіздігі мен сенімді жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Су инфрақұрылымын жаңғырту аясында үш ірі су қоймасында техникалық зерттеулер жүргізіліп, жөндеу жұмыстары қолға алынды.
2025 жылдан бері өңірде Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК-ның «Ұлытау» филиалы жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорын Кеңгір, Жезді және Ақтасты су қоймаларына қызмет көрсетіп, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуде.
Биыл үш су қоймасында кешенді техникалық зерттеу жүргізу жоспарланған. Мамандар гидротехникалық құрылыстардың жағдайын, су қоймалары түбіндегі шөгінділерді және басқа да техникалық көрсеткіштерді жан-жақты зерттеп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы жаңғырту жобаларын нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Кеңгір су қоймасында гидротехникалық құрылыстардың жекелеген бөліктерін тазалау, құрғату және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 140 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Қазсушар» РМК «Ұлытау» филиалының мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар су ресурстарын тиімді басқаруға, гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттыруға және өңірдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.