Қоғам

Қазақстан армиясында 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады

Қазақстанда әйелдер Қарулы күштердің маңызды құрамдас бөлігіне айналып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде армия сапында 7 мыңға жуық әйел әскери қызметші бар. Олардың мыңға жуығы – офицерлер, ал 6 мыңнан астамы келісімшарт негізінде қызмет етеді. Сондай-ақ 11 әйел басшылық лауазымдарды атқарып отыр.

Әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде еңбек етеді. Олар әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр қызметі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, іс жүргізу және ақпараттық технологиялар салаларында маңызды міндеттерді орындап келеді.

Соңғы жылдары әйелдердің әскери қызметтегі мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Қазір олар жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімшелерінде қызмет атқарып, штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшісі сияқты күрделі мамандықтарды меңгеруде. Сонымен қатар парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарып, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге белсенді қатысады.

Әскери білім беру жүйесінде де әйелдерге кең мүмкіндік қарастырылған. 2002 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында алғаш рет «Байланыс» мамандығы бойынша әйел әскери мамандар даярланды. Сол түлектердің басым бөлігі бүгінде әскери қызметін жалғастырып, жоғары офицерлік шендерге, оның ішінде полковник әскери атағына дейін көтерілген.

Ал 2023 жылдан бастап екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдай бастады. Оқуды тәмамдаған түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы беріліп, олар Қазақстан Қарулы күштерінде қызметін жалғастырады.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру қарастырылмаған. Сондай-ақ қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі күн тәртібінде жоқ.

Келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасуға ниетті азаматтар қабылдау тәртібі, қойылатын талаптар және қызмет өткеру шарттары туралы ақпаратты тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарынан немесе әскери бөлімдерден ала алады.

Back to top button