Заң және тәртіп

Өңірде жыл басынан бері 92 жол апаты тіркелген

Ұлытау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның басты мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 92 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 141 адам түрлі жарақат алып, оның 28-і балалар болған. Сондай-ақ жол апатынан 4 адам қаза тапқан.

Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – белгіленген жылдамдықты асыру, көлік бағытын өзгерту кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтамау, арақашықтықты бұзу және жүргізушілердің жол жағдайына жеткілікті назар аудармауы.

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полицейлер электр велосипедтеріне де бақылауды күшейтті. Заң бойынша мопед санатына жататын мұндай көліктерді пайдалануға қатысты талаптардың сақталуы жіті қадағаланып жатыр. Әсіресе электр велосипедін кәмелетке толмағандардың басқаруына ерекше назар аударылуда.

Полицияның хабарлауынша, заң бұзушылық анықталған жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал электр велосипедтері арнайы айып тұрағына қойылады.

Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз қауіпсіздігі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Back to top button