Артық жүк тиеген жүргізушілер жауапқа тартылуда

Ұлытау облысында ауыр салмақты жүк көліктеріне бақылау күшейтілді. Осыған байланысты өңірде 10 шілде мен 10 тамыз аралығында «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік құралы!» атты профилактикалық акция өтіп жатыр. Шараның мақсаты – автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету және жүк тасымалы саласында заң талаптарының сақталуын бақылау.
Мамандардың айтуынша, рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиеу жол жабынының мерзімінен бұрын бүлінуіне, оның пайдалану мерзімінің қысқаруына және жол-көлік оқиғалары қаупінің артуына себеп болады. Осыған байланысты инспекция өкілдері тасымалдаушыларды қолданыстағы талаптарды қатаң сақтауға шақырып отыр.
Бүгінде Ұлытау облысындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 206 шақырымды құрайды. Оның 741,65 шақырымы республикалық, ал 896 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар. Жыл басынан бері автомобиль көлігі саласында 246 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті хаттамалар рәсімделді. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 19 миллион 395 мың 660 теңге айыппұл салынған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда анықталған құқық бұзушылықтар саны артқанымен, айыппұл көлемі шамалас деңгейде сақталған.
Сонымен қатар өңірде жолаушылар тасымалына да тұрақты бақылау жүргізілуде. Осы бағытта 50 қоғамдық көлік тексеріліп, 14 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 27 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 497 мың 375 теңге көлемінде айыппұл салынды.