Денсаулық

28 шілде – гепатитке қарсы күрес күні

Жыл сайын 28 шілдеде әлемде Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні аталып өтеді. Бұл күн қоғам назарын бауырды зақымдайтын қауіпті дерттің алдын алуға, оны ерте анықтаудың маңызын түсіндіруге бағытталған.

Мамандардың айтуынша, гепатит көп жағдайда ешқандай айқын белгісіз өтеді. Сондықтан көптеген адам ауруын кеш анықтап, емді уақытында бастау мүмкіндігін жіберіп алады. Осыған байланысты дәрігерлер тұрғындарды жүйелі түрде медициналық тексеруден өтіп, профилактикалық екпелерді уақытылы алуға шақырады.

Гепатит – бауырдың қабынуымен сипатталатын ауру. Ол вирустардан бөлек, улы заттардың әсерінен, кейбір дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау немесе алкогольді шамадан тыс тұтыну салдарынан да туындауы мүмкін. Ең кең таралған түрлері – А, В, С, D және Е вирустық гепатиттері. Олардың әрқайсысының жұғу жолы, ағзаға әсері және емдеу тәсілдері әртүрлі.

Облыстық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Жұмакүл Мақанованың айтуынша, қазіргі таңда вирустық гепатиттің көптеген түрі тиімді емделеді. Ал ауру ерте анықталған жағдайда кейбір түрінен толық айығуға мүмкіндік бар.

Дәрігерлердің сөзінше, денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы – уақытылы тексеріліп, дәрігер кеңесіне жүгіну. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұрақты медициналық бақылаудан өту гепатиттің алдын алып, оның ауыр асқынуларына жол бермеуге көмектеседі.

Back to top button