Ұлытау тынысы

6 мыңнан астам сынама: Ұлытауда жол сапасы қалай тексеріліп жатыр?

Ұлытау облысында автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен бақыланып жатыр. Ұлттық жол активтері сапасының орталығының облыстық филиалы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын тексеріп, жол-құрылыс материалдарын арнайы зертханада сынақтан өткізуде.

Мамандардың айтуынша, бақылау жұмыстары құрылыс алаңынан басталады. Инженерлер бекітілген жоспарға сәйкес нысандарға шығып, орындалып жатқан жұмыстардың нормативтік талаптарға сәйкестігін тексереді. Барлық тексеру KazRoadLab цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі. Алынған сынамалар QR-кодпен тіркеліп, олардың нақты орналасқан жері GPS жүйесі арқылы белгіленеді. Анықталған кемшіліктер де бірден электронды базаға енгізіледі. 2023 жылдан бері Ұлытау облысында жол-құрылыс материалдарының 6110 сынамасы алынып, зертханалық тексеруден өткен.

Филиалдың сапаны бақылау және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы Жанат Саликовтың айтуынша, инженерлер құрылыс, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын тұрақты қадағалайды. Қажет болған жағдайда инертті материалдар мен асфальтбетон жабындысынан сынамалар алынып, зертханаға жіберіледі. Зерттеу нәтижелері тапсырыс берушіге, мердігер ұйымға және техникалық қадағалау мекемесіне жолданады.

Арнайы зертханада сынамалар мемлекеттік стандарттарға сәйкес тексеріледі. Зертхана толық автоматтандырылған: электрондық таразылар, престер және басқа да өлшеу құралдары цифрлық жүйеге біріктірілген. Соның арқасында сынақ нәтижелері автоматты түрде тіркеліп, адами фактор азаяды, ал өлшеулердің дәлдігі мен ашықтығы артады.

Мамандардың сөзінше, жол сапасын жүйелі бақылау құрылыс жұмыстарының талапқа сай орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қауіпсіз қозғалысқа, жол-көлік оқиғаларының азаюына және жүргізушілер үшін жайлы жол инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етеді.

Back to top button