Қоғам

Елімізде жаз басталғалы 70 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды

Қазақстанда жаз мезгілі басталғалы бері қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның 40-ы шілде айында ашылған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңғырту жұмыстары ірі өңірлік вокзалдармен қатар шағын станцияларды да қамтыды. Ең көп нысан Ақмола облысында жаңартылса, Қарағанды облысында 11 вокзал мен жолаушылар инфрақұрылымы қайта жөнделді. Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында да ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жобалар аясында бірқатар вокзалдарда күрделі жөндеу жүргізілсе, кейбір ескі ғимараттардың орнына жаңа жолаушылар кешендері салынды. Сондай-ақ вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялар күшейтілді, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары жаңартылды.

Барлық нысандарда шатыр мен қасбет жөнделіп, су, жылу, электрмен жабдықтау, кәріз және байланыс жүйелері толық жаңартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, вокзалдар заманауи жиһаздармен, навигациялық жүйелермен, желдету және кондиционерлеу жабдықтарымен, бейнебақылау камераларымен, өрт қауіпсіздігі және күзет дабылдарымен жабдықталды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Вокзалдарда пандустар, лифттер, көтергіш құрылғылар, тактильді бағыттау жүйелері, арнайы санитарлық бөлмелер мен ақпараттық көрсеткіштер орнатылды.

Сонымен қатар бірнеше вокзалдың аумағы едәуір ұлғайтылды. Мәселен, Орал, Шетпе, Шалқар, Қазыбек бек және Жетісу станцияларындағы вокзалдардың сыйымдылығы арттырылса, Ақшы станциясында жаңа аялдау павильоны салынып, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы толық қайта жаңғыртылды.

Жаңартылған теміржол вокзалдары күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, еліміздің өңірлері мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бағыттарындағы теміржол қатынасының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жолаушылар үшін жайлы әрі қолжетімді көлік инфрақұрылымы қалыптасып, теміржол тасымалының тиімділігі арта түспек.

Back to top button