Ұлытау тынысы

Ұлытау облысында 30 мыңнан астам зейнеткер бар

Ұлытау облысында зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтардың саны мыңдаған адамды құрайды. Бүгінде өңірде 30 мыңнан астам зейнеткер тұрақты түрде зейнетақы төлемін алады.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті мәліметінше, облыста барлығы 30 254 зейнеткер бар. Сонымен қатар мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын 8 161 адам, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын 2 356 адам тіркелген.

Әлеуметтік қолдау шаралары көпбалалы отбасылар мен аналарды да қамтиды. Өңірде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған 2 726 көпбалалы ана бар. Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны 6 642 алушы алады. 2026 жылдың алғашқы жеті айында зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 7 614 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың қатарында жасына байланысты зейнетақы тағайындау – 1 106, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау – 1 260, бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау – 1 909 жағдай бар.

Сондай-ақ осы кезеңде жерлеуге арналған біржолғы төлем 773 адамға, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 339 адамға, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 296 адамға тағайындалған. Қазір әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу де біртіндеп цифрланып келеді. Азаматтардың шамамен 90 пайызы жәрдемақы тағайындауға ақпараттық жүйелер мен екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш береді.

Мұндай жағдайда көптеген қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Яғни азаматтан жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі немесе банк шотының нөмірі сияқты құжаттарды қайта-қайта ұсыну талап етілмейді.Ал зейнетақы тағайындауға қатысты өтініштер негізінен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданады.

2026 жылы әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де жаңарды. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болып белгіленді.

Back to top button