Ұлытау тынысы

Ұлытау облысында мүгедектікті рәсімдеу енді жеңілдеді

Ұлытауда мүгедектікті белгілеу рәсімі цифрлық форматқа көшіп, азаматтарға медициналық-сараптамадан өтудің жаңа мүмкіндіктері ұсынылуда. Енді бірқатар жағдайда МӘС бөліміне барудың қажеті жоқ.

Ұлытау облысында бүгінде 11 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 1 106-сы – балалар. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында мүгедектікті белгілеу бойынша 2 016 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазір азаматтар екі форматтың бірін пайдалана алады: бетпе-бет немесе сырттай проактивті куәландыру.

Бетпе-бет формат тек МӘС бөлімінде ғана емес, көшпелі түрде де жүргізіледі. Мамандар емханалар мен аудандық ауруханаларға барып, денсаулығына байланысты қозғала алмайтын азаматтарды үйінде де куәландырады. Ал сырттай проактивті куәландыру кезінде азаматқа МӘС бөліміне барудың қажеті жоқ. Ол тек медициналық ұйымға жүгінеді, ал қажетті медициналық ақпарат электронды түрде сарапшыларға жолданады.

Бұл форматқа бүгінде 23 нозология енгізілген. Олардың қатарында психикалық бұзылыстар, онкологиялық аурулар, анатомиялық ақаулар, қанайналым жүйесінің бірқатар аурулары, сондай-ақ балалардағы 1-типті қант диабеті мен туберкулез бар. Жаңа жүйенің тиімділігіне өңірдегі көрсеткіштер де дәлел. Биыл жеті айда сырттай куәландыру мүмкіндігін 504 адам пайдаланған. Бұл қайта куәландырылған азаматтардың 33,96 пайызын құрайды.

Жүйеде азаматтың жеке басына қатысты ақпарат емес, тек медициналық деректер қаралады. Құжаттардың электронды форматта және дербес мәліметтерсіз ұсынылуы сараптаманың ашықтығын арттырып, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар 2025 жылғы шілдеден бастап елімізде жекелеген аурулар бойынша мүгедектікті белгілеудің «ерекше механизмі» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл тәртіпте сараптамалық қорытынды қажетті құжаттар түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде шығарылады.

Механизм туа біткен және жүре пайда болған қайтымсыз анатомиялық ақаулар, Даун синдромы және балалардағы мукополисахаридоз кезінде қолданылады. Пилоттық жоба басталғалы Ұлытау облысында 14 азамат осы тәртіппен куәландырылған. Осылайша, мүгедектікті белгілеу жүйесіндегі цифрлық өзгерістер азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, медициналық сараптамадан өтуді барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік беріп отыр.

Back to top button