Шұжық пен тәтті сусындар енді мектеп мәзірінде жоқ

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстандағы білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануына қойылатын талаптар күшейтілді. Жаңа стандарттың басты мақсаты – оқушылардың күнделікті рационын пайдалы әрі теңгерімді ету.
Жаңа талап бойынша тағам құрамындағы қант мөлшері 3,6 есеге, ал тұз 5 есеге азайтылды. Ал көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдерінің үлесі артты. Мектеп мәзірінен енді шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер және құрамында қант пен тұзы жоғары өнімдер алынып тасталды. Қантты сусындар мен шырындардың орнына балаларға су, сүт, қышқыл сүт өнімдері және қанты аз сусындар ұсынылады.
Бұл өзгерістер жай ғана мәзірді жаңартумен шектелмейді. Жаңа стандарт азық-түлікті сатып алудан бастап, оны сақтау мен дайындауға дейінгі барлық кезеңде сақталуы тиіс. 2025 жылы мамандар мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен мектептерде бір реттік тамақтандыруға арналған бірнеше үлгілік мәзір әзірленді. Мәзір жасауда балалардың жасы, тағамның калория мөлшері және маусымдық ерекшеліктер ескерілген.
Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтану баланың күнделікті жағдайына ғана емес, оның болашақ денсаулығына да әсер етеді. Жаңа талаптар семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін төмендетуге бағытталған.
Сондықтан жаңа стандарт – белгілі бір мерзімге арналған науқан емес, балалардың тамақтануын ұйымдастырудың тұрақты жүйесі. Енді білім беру ұйымдары бекітілген талаптарды оқу жылы бойы жүйелі түрде орындауға тиіс.